24 Шілде 2024
Тамақтандыру

"Ұлттық тағамдардың ерекшеліктері" баяндама

Мектебіміздің әлеуметтік педагогы Т.Б.Саденова 1-6 сынып оқушылары арасында "Ұлттық тағамдардың ерекшеліктері" тақырыбында баяндама оқыды.

Мақсаты: Оқушыларды қазақ халқының ұлттық тағам түрлерімен таныстыру.

Қазақтың қонақжайлылығымен танысқан адам дастарқандағы әрбір тағамның ежелден қалыптасқан, көшпенділердің өмір-салтына бейімделуіне септігін тигізгендігін түсінеді. Қазақтың ұлттық тағамдарының кейбіреуі арнайы уақыттарда тартылады, арнайы қонаққа арналғандары да бар. Осыған байланысты қазақтың әрбір ас ішуі үлкен тәрбиеге, сыйластыққа негізделген.

Қазақ халқының ерекше қасиеті - қонақжайлылығы

Қонағын құдайдай сыйлайтын қазақтың қонақ күтуінде зор тәрбиелік мән бар. Қонаққа барын салып, барынша сыйластықпен күту - қазаққа тән қасиет. Қорасындағы жалғыз қойын қонақ келгенде соятын қазақтың осы бір асыл қасиеті ерекше бағаланады. Сыйлы қонаққа бас тарту рәсімі,басты сыйлы қонаққа, жасы үлкен ақсақалға ұстатуының астарында аса үлкен тәрбие мен сыйластық жатыр.

Асты қонаққа тартудың өзінде белгілі бір реттілік сақталады. Әр тағамның асқазанға әсері мен ас қорытылуына қарай өз ретін сақтап тартуында да зор мағына бар.

Сыйлы қонақ асы - ет

Қазақтың асханасын еске алғанда ет бірінші ойға түсері анық. Қазақ халқының қалыптасуында ет тағамы үлкен маңызға ие. Көшпенді мал шаруашылығына байланысты қазақтың ас мәзірінің 80 пайызы еттен тұрса, оңтүстік өңірлерде жақсы дамыған егін шарушылығына байланысты қалған бөлігі дәнді дақылдардан тұрды. Қазақтар қой еті мен жылқы етінен тағамдар жасаған, сиыр еті сирек қолданылған, себебі, сиыр көшпенді дәстүрге онша бейімделмеген жануар. Құс еті де өте сирек қолданылған. Негізгі тағам - жылқы еті, себебі, жылқы етінің тағамдық қасиеті ерекше.

Көшпенді мал шаруашылығына бейімделген қазақ халқы үшін, күндіз-түні ат үстінде жүретін болғандықтан, өзімен алып жүретін тағамның да тез бұзылмай, өз қалпын жақсы сақтайтын қасиеті болғандығы маңызды еді. Сондықтан етті сүрлеп, кептіріп, барынша қолайлы түрде алып жүретін болған. Ет тағамын үнемі қолдану асқазанға ауыр болуы мүмкін, бірақ орнымен қабылданған ет тағамдары адам ағзасына өте пайдалы көптеген минералдармен, дәрумендермен, макро-микроэлементтермен қамтамасыз етері анық.

Қазақтар еттен қандай тағамдар әзірлеген?

Қазақтың ұлттық асханасындағы ең танымал тағам - қуырдақ. Қуырдақ - ұсақтап туралған жаңа сойылған малдың етінен қуырылып жасалатын өте дәмді тағам. Мойын және төстік етпен бірге оған өкпе-бауыр, жүрек, құйрық май қосылады.

Сүр ет - ысталған, кептірілген ет. Етті ұзақ сақтау үшін осындай тәсіл қолданылады.

Қазы - жылқы етінің кәделі мүшелерің бірі. Ол жылқының қабырғалары мен белдемелерінің етегіне жиналатын аса шұрайлы, майлы ет. Қазы жасау үшін екі бұғана қабырға, екі тілше қабырғадан басқа қабырғалар алынады.

Шұжық - қазыдан жіңішкерек, жылқы немесе сиыр етінен жасалған үй шұжығы. Шұжық жасау үшін етті тұздап, бұрыш сеуіп салқын жерге 1-2 күн сақтайды. Шұжық жасауға сан, қол, жон еттерін алады, мойын еті жарамайды.

Содан кейін майды да, етті де ұсақтап тұрап, қара бұрыш, сарымсақ қосып, бәрін араластырады.

Қазақша ет (бесбармақ, бешбармақ) - сыйлы қонаққа тарту етілетін бірден-бір тағам.Етті асқанда ең алдымен жіліктеп бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Тойға немесе қонақ асыға көбінесе қой сойылады.

Сүттен, ақтан дайындалатын тағамдар

Сүттен жасалатын тағамдар - қазақ асханасының негізі. Ондай тағамдарды астың алдында немесе астан кейін пайдалану ағзаға үлкен септігін тигізеді. Сүттен қазақтар әртүрлі тағамдар дайындаған. Сиыр сүтінен айран, түйе сүтінен шұбат, бие сүтінен қымыз, құрт, ірімшік, ақлақ, қатық, сүзбе, май, қаймақ әзірленген.

Құрт - малдың сүтінен дайындалатын ұзақ уақыт сақтауға арналған тағам. Ірімшік - сиырдың, қойдың, ешкінің сүтінен қайнатып әзірленетін сүт тағамы. Сары май - сиырдың, қойдың, ешкінің сүтінен алынады. Айран - ұйытылған сүт. Оны қаймағы алынған сүттен де, қаймағы алынбаған сүттен де ұйытуға болады. Сүт тағамдары астың қорытылуына, адам ағзасына қажетті кальцийдің толық болуына зор үлесін тигізеді.

Ұннан дайындалатын тағамдар

Қазақтар ертеден артық салмақпен ерекшеленбеген, себебі, ашық аспан астында ат үстінде жүргендіктен, сонымен қатар, пайдалы тағам да өз әсерін тигізген. Көшпенді халыққа ұннан жасалған тағам кері әсер етпеген. Ұннан жасалған тағамдар өте калориялы болып келеді. Бірақ ежелгі көшпенді халық ұнан жасалатын тағамдарға сүт, ашытқы, кілегей, май, жұмыртқа, түрлі жаңғақтар мен майлар қосылған. Мұндай тағамдар да қазір де пайдаланылады. Қазақтың ұннан әзірленетін тағам түрлері өте көп, таба нан - бидай ұнынан дайындалған нан, бауырсақ - ұннан жасалынып, майға қуырылатын нан түрі, шелпек, құймақ, қазанжаппай - табаға, қазанға жауып пісірілетін нан және тағы басқалары.

Қорытындылай келе, қазақтың ұлттық тағамдары адамға өте пайдалы болып келеді. Көшпенді шаруашылықпен айналысқан қазақтар небәрі үш түрлі тағамнан өте пайдалы, ағзаға қажеттінің бәрі бар ас мәзірін ойлап шығарған. Қазақтың ұлттық тағамы - өте нәрлі, дәмді, адам ағзасына пайдалы дәрумендер мен минералдарға, микроэлементтерге бай, ауруға шипа берер тағамдардан тұрады.

Пайдалы ақпараттық ресурстар